ҚоғамҚұқық

Талдықорғандағы кәсіпорындар қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі тексерілді

Өңірлік коммуникациялар қызметі Жетісу облысының Еңбек инспекциясы бойынша басқармасымен бірігіп облыс пен қаланың өндірістік кәсіпорындарының қызметін жариялау мақсатында баспасөз-турын өткізді. Негізгі мақсат кәсіпорындардағы қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігі пен және еңбекті қорғау туралы заңнаманың қаншалықты сақталып жатқанын қадағалау болды.

БАҚ өкілдері ең бірінші «Темірбетон» ЖШС зауытына барып, жұмыс барысымен танысты.

«Темірбетон» ЖШС зауыты өз өнімдерін энергетика, теміржол және өнеркәсіптік-азаматтық құрылысты қоса алғанда, еліміздің түрлі салаларына жеткізеді. Өнімдер  Ресей,  Өзбекстан  және Моңғолияға экспортталады. Кәсіпорын өткен жылдың басынан бастап өзінің өндірістік технологияларына газбен жабдықтауды белсенді жүргізуде. Ауыр жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлер үшін ұзақтығы 6-12 күн қосымша еңбек демалысы беріледі. Қысқы кезеңде қызметкерлердің жалақысына 11% мөлшерінде қосымша ақы төленеді. 2023 жылдың алғашқы 10 айында еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларға 52 миллионнан астам теңге жұмсалды.

«Темірбетон» ЖШС-нің өндірістік қуаты жыл сайын шамамен 8 мың текше метр бетонға жетті. Қазіргі уақытта қызметкерлер  саны 673 адам. 2023 жылдың 9 айына орташа жалақы шамамен 312 мың теңге. Қазіргі уақытта жаңартылған ұжымдық шартқа қол қою жүргізілуде онда ай сайынғы сыйақыларды төлеу шарты жақсартылады. Сондай-ақ, жәрдемақы, баланың тууы және неке бойынша төлемдер артады. Одан бөлек, арнайы  жеке қорғаныс құралын беру қосымшасы бар. Қызметкерлердің  өтініші  бойынша «Темірбетонға» келісім комиссиясы құрылды. Онда өндірістегі сапа мен қауіпсіздіктің жақсаруына байланысты өтініш қарастырылады», — деді «Темірбетон» ЖШС директоры Азат Ерғалиев.

Журналистер қауымының екінші беттеген кәсіпорны «ТАТЭК» АҚ  электр желісінің компаниясы. Мұнда электр энергиясын беру және  тарату жүзеге асырылады. Электр энергиясы облыстың 323 елді мекенінде орналасқан 195 мың абонентке трансформаторлық қосалқы станциялар арқылы жеткізіліп таратылады.

Облыс тұтынушыларын сенімді  және  үздіксіз  электрмен жабдықтау мақсатында  «ТАТЭК» компаниясы алдағы күзгі-қысқы жұмыс кезеңіне желілер мен жабдықтарды дайындау жұмыстары аяқталып келеді.

«Кәсіпорында жалпы саны 1503 жұмысшы  қызмет етеді. Мұнда орташа жалақы  150 мың теңгеден асады. Кәсіпорында қызметкерлердің  жұмыс істеуіне барынша жағдайлар жасалған. Атап айтсақ, қажетті құрал-жабдықтар, іссапарға  баратын өндірістік персоналға қажетті барлық тұрмыстық жағдайлар жасалған. Еңбек демалыстарына  бару  бекітілген кестемен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жұмысшылар тамақтанатын асхана қызмет көрсетеді, автобуспен жұмысқа алып келіп, жұмыстан соң үйлеріне алып барады», — деді  «ТАТЭК» АҚ-ның баспасөз хатшысы Нұржамал Абилова.

2023 жылға еңбекті қорғауға  35 млн-нан астам қаражат бөлініп,  электр қондырғыларында және желілерінде жұмыстардың қауіпсіз орындалуына жағдай жасалды. Бүгінде барлық бригадалар қорғаныс құралдарымен толығымен қамтамасыз етіліп, жабдықталған.

«Жетісу облысы Еңбек инспекциясы басқармасына бүгінгі күнге дейін 405  жұмыскерден өтініш түсіп, оның 394-не жауап берілді, ал 11-і қарастыруға жіберілді. Тексеріс бойынша тиісті әкімшілік айыппұлдар салынып, ұйғарымдар берілді. Нәтижесінде жұмыс берушілерге 4 млн. 226 мың теңге көлеміндегі  айыппұл салынды. Бүгінде олар толыққанды өтеліп, мемлекет қазынасына аударылды. Сонымен қатар, тағы бір негізгі бағыт — еңбек қауіпсіздік мәселесін бақылау және қарастыру. Біздің тараптан кәсіпорындарға барып еңбек заңнамасы талаптарын түсіндіріледі. Сондай-ақ, тексеріс кезінде жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықпен танысқаны, тиісті киім-кешек, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгені қадағаланады», — деп түсіндірді Жетісу облысының Еңбек инспекциясы бойынша басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Дәулетұлы.