Бүгін 27 наурыз — Халықаралық театр күні. Бұл мереке ғұмырын сахнада өткізетін әртістердің ғана емес, өнерсүйер қауымның төл мейрамы. Мереке қарсаңында облыстағы өнер ордасының қарашаңырағы Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының ұжымы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында БАҚ өкілдерімен кездесіп, театрдың тыныс-тіршілігі жайлы баяндады.
«Театрға келушілер де құрметтеушілер де уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Қазір рухани жағынан театрда мәдени жарылыс болып жатыр десек артық емес. Біздің тараптан бір жарым ай ішінде көрермен назарына 3 спектакль ұсынылды. Барлығын мақтанышпен айта аламыз. Әр спектакль өзінің көрерменін тапты. Әрине барлығының көңілінен шығу мүмкін емес, бірақ 90 пайыз өнерсүйер қауым театрға ағылуда. Сондықтан үлкен бір жетістігіміз деп білемін. Театрдың жетістігі ол өңірдің жетістігі. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, алдағы уақытта да үлкен жоспарларды жүзеге асыру ойда бар. Оған өздеріңіз де куә бола жатарсыздар», — деді театрдың көркемдік жетекшісі Данияр Жоламанұлы.
1975 жылдан іргесі қаланған өнер ұжымында елуге жуық әртіс қызмет етеді. Оның ішінде театрдың тыныстап бастаған сәтінен бері еңбек етіп келе жатқан жандар да бар. Атап айтсақ, ҚР Мәдениет қайраткері, «Дара медалінің иегері – Нұрмұхамбетова Мәкен Дүбекқызы. Театрмен бірге жасасып келе жатқан өнер иесі де пресс-конференцияда қонақ болды.
«Кез келген ұлттың руханиятын сілкінтіп, мәдениетін қалыптастыратын ең ұлы өнер ордасы – театр сахнасы. Ал осы киелі өнердің жолында тер төгіп жүрген әртістердің қызметі – сауапты әрі жауапты. Бүгінгі театр күні бүкіл дүниежүзі тойлайтын мереке. 1961 жылдан бері тойланып келе жатқан мейрамды 100-ден астам мемлекет атап өтеді екен. Бүгін тағдырын театрмен байланыстырған кәсіп иелері үшін ерекше күн», — деді Мәкен Дүбекқызы.
Ұлт құндылықтарын насихаттап, рухани жаңғыру жолында тарихтың бет-бедерінен тағылымы мол дүниелерді көрермен назарына ұсыну -ұлтымыздың рухани темірқазығын сақтаумен тең. Осы орайда ұлы істерге дара да сара жол салып келе жатқан Биапа театрының ұжымын мерекемен құттықтай отырып, сәттілік тілейміз!