News

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің халық үшін тиімділігі зор

-Талғар ауданы ірі мегаполис Алматы қаласына жақын орналасқан. Халық саны да күн санап артып келетіні жасырын емес. Мұндағы аудандық аурухана тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге қаншалықты дайын? Бұл туралы бүгін редакциямызға келген орталық ауруханасы директорының м.а Тимур Қуатов айтып береді. Тимур Акмурзаұлы, қош келдіңіз!

-Қайырлы күн! Қазіргі уақытта Талғар аудандық орталық ауруханасы —  Талғардағы негізгі медициналық ұйым. Қарамағына 36 емдеу мекемесі кіреді. Бұл медициналық мекемелер ауданның 200 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Ауруханада 377 бюджеттік төсек, амбулаторлық-емханалық мекемелерде 147 төсек, сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың күндізгі бөліміне қабылдау үшін 147 төсек-орын қарастырылған. Сіздің сұрағыңызға келсек, биыл Талғар аудандық орталық ауруханасының ауқымын кеңейтіп, тағы бір аудандық емхана, 9 АМСК орталығы, 15 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт және 3 медициналық пунктті іске қосу жоспарланып отыр.

-Жоспарларыңыз көп екен. Қазіргі таңда медициналық құрылғылармен қаншалықты қамтамасыз етілгенсіздер? Кейде тұрғындардан талай шағым естіп жатамыз.

-Талғар аудандық орталық ауруханасының заманауи медициналық құрылғылармен қамтылу деңгейі Алматы қаласындағы кез келген ауруханадан кем емес. Біздің ауруханамызда диагностика және емдеу құрылғылары жеткілікті мөлшерде бар.  Жуырда науқастың жағдайын операциялық жағдайда да анықтап беретін сенімді, әрі жылжымалы рентгенді-хирургиялық аппарат; КТГ жасауға арналған аппарат; интенсивті терапия және жансақтау бөлімі үшін 25 дана оксигенотерапия аппараты; 25 оттегі концентраты; өкпені жасанды желдету режимін сақтауға арналған СИПАП аппараты; нәрестелердің өкпесін механикалық жолмен желдетуге арналған «Resusci Flow» реанимациялық аппараты; стоматологиялық, цифрлы-панорамды-рентгенді Planmeca Panoramic X-Ray UNIT аппараты, әртүрлі деңгейдегі пародонтты емдеуге арналған «Vector» инновациялық аппараты. Бұдан бөлек, ФГДС, УЗД аппараты, жылжымалы рентген аппараты, егіздерге арналған FETUS BFM-900 фетальды монитор және жаңа туған нәрестелерге арналған OФTH-420/470-02 фототерапиялық сәулелендіргіш, өкпе қызметін зерттейтін спирограф және перзентханаға көмек құрылғысы алынды.

—        Былтыр және жыл басынан МӘМС, ТМККК шеңберінде қанша қызмет көрсетілді? Қанша адам қамтылды? Қанша ірілі-ұсақты ота жасалды?

— Тұрғындар тегін медициналық қызметті еш кедергісіз алып отыр. Былтыр ТМККК бойынша 5 313 801 қызмет көрсетілді. Ал МӘМС бойынша – 604 773. Скринингтік тексеру жұмыстарын жүргізу ісі бойынша оң динамика байқалады. 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша 86 — 97,2% дәлізінде диспансерлік есеп 7 санат бойынша қамтылды. Халықтың басым бөлігі әртүрлі ескертулерге, анықталған жағдайларға қатысты уақытылы қаралды деп айтуға болады. 2023 жылдағы 12 айда 32 558 адамды тексеру жоспарланған. Дегенмен 43 249 адам қамтылып, көрсеткіш 132,8%-ға артты.

—        Жалпы, дәрігер ретінде МӘМС жүйесінің тиімділігі бар деп ойлайсыз ба? Сақтандыру мәртебесін алу арқылы тұрғындар қандай мүмкіндікке ие болады?

—        МӘМС жүйесі халық үшін тиімділігі зор, өйткені біздің аурухана қажетті медициналық жабдықтармен қамтылғанының нәтижесінде науқастар бағалы диагностикаға және жоғары технологиялы медициналық емдеу қызметіне қол жеткізді. Бұл жүйе дер кезінде енгізілген. Өйткені, МӘМС-тің қолданысқа келуі денсаулық сақтау саласын түбегейлі өзгертті десек артық болмайды. Оң өзгерістер осы қордың келуімен болып отыр. Қазірде қымбаттық ем-домға еш кедергісіз қол жеткізіп отырған сақтандырылған тұрғындар алғысын естіп отырмыз.

—        Қымбаттық медициналық қызмет туралы айтып қалдыңыз. Сіздерде сақтандырылған тұрғындарға мұндай күрделі оталардың қайсысы қолжетімді?

-Бүгінгі таңда Талғар аудандық орталық ауруханасының хирургиялық бөлімшесі құрсақ, кеуде, тамыр, урологиялық, проктологиялық операциялардың кең спектрін жүргізеді. Жоспарлы оталардан басқа, 2023 жылы көптеген аз инвазивті оталар жасалды: ультрадыбыстық басқарылатын перкутандық трансгепатикалық холангиостомия, бауыр абсцесстерінің ультрадыбыстық басқарылатын пункциялық дренажы. Ондаған реконструктивті герниопластика операциясы, сондай-ақ декубитальды ойық жараға, асқазанға оталар жасалды. Облыстық клиникалық аурухана және Приват клиникасының хирургтерімен бірлесіп, 4 протездік операция жасалды. Ал травматологиялық бөлімшеде 830 науқас емделді.  567 ота жасалды.

-Ауруханада  қандай мамандар тапшы?

-Бүгінгі таңда Талғар аудандық орталық ауруханасы құрамында 2017 маман жұмыс істейді. Олардың 400-ге жуығы дәрігерлер.  Талғар ауданы бойынша 10 мың адамды медициналық кадрлармен қамтамасыз ету 2023 жылы оң динамикамен сипатталды. Алайда, бұл динамикадан жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады. Десе де, біз тұрғындарға сапалы көмек көрсету үшін бар күш-жігерімізді жұмылдырып отырмыз.

-Осы ретте дәрігер біліктілігі туралы сұрағым келіп отыр. Дәрігерлерге деген шағым азаймай келеді. Олардың мәртебесін көтеруге үкімет қанша күш салса да, әлеуметтік желі дәрігерлерге шағыммен тола береді.

— Қазіргі уақытта дәрігерлердің жетіспей жатқаны рас. Біздің елде ғана емес, барлық әлемде бар тенденция. Себебі, дәрігерді ұзақ уақыт үйрету керек, Қазақстанда бұл оқу 8-10 жылға жалғасады. Ал оған барлығы шыдай алмайды. Физикалық және психоэмоциялық жүктемеден көпшілік бұл саладан алшақтайды. Ал науқастардың ойынша, дәрігерлер емдеуден бөлек, науқасқа жылы шырай танытып, өзін аямауы керек. Ал дәрігерлер – қарапайым ғана адам. Олардың кейбірі тіпті мамандығын тастап кетіп жатыр. Дегенмен кей елдердің медицинасынан белгілі бір бағыттар бойынша алда екенімізді атап өтпеуге болмайды. Қазіргі уақытта шетелдік туристер Қазақстанға негізінен сапалы және арзан стоматологиялық қызметтер, экстракорпоральды ұрықтандыру, буындарды ауыстыру және жүрекке операциялар, әсіресе стент қою және шунттау үшін келеді. Медицинаға деген сенімнің азаюында бұқаралық ақпарат құралдары үлкен рөл атқарады, олар өз аудиториясын көбейту үшін дәрігерлерге күйе жағады, кез-келген медициналық сәтсіздіктерді бақылап, жанжал шығарады, жағымсыз жаңалықтар таратады. Бірақ кездейсоқ адамдар дәрігер бола бермейтінін ешқашан естен шығармау керек. Былтыр 173 медициналық қызметкер біліктілігін арттырды. Талғар ауруханасының базасында өткен Алматы облысы және Алматы қаласындағы хирургтар қоғамының кездесуі маңызды оқиға екендігін айта кету керек. Жиын барысында баяндамашылар арасында хирург Н.О.Омаров жоғарғы деңгейде сөз сөйледі. Бұдан бөлек, Талғар аураханасының базасында Мәскеуден келген мамандар «Pocus Moscow»-мен ынтымақтастықта «FAST» жүйесі бойынша экспресс-УДЗ әдісін оқытты.

— Тимур Қуатов, сұхбатыңыз үшін рахмет! Халыққа пайдалы ақпарат бергеніңіз анық. Алда агенттік тілшілері сіздің науқастармен тілдесіп, жарна төлеп отырған азаматтардың пікірін білетін болады. Жақсы күндерде жолыққанша!