Кеше Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасына дүниежүзіндегі Rotary клубтарын біріктіретін халықаралық үкіметтік емес бірлестік болып табылатын Оңтүстік Кореядан Rotary International гуманитарлық-қайырымдылық ұйымының делегациясы келді.
Оларды аурухана директоры Ракишева Айман Ғалымжанқызы қарсы алып, қабылдау, жансақтау, травматология және хирургия бөлімшелерін аралау барысында емдеу мекемесінің қызметі мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Сонымен қатар, тараптар одан әрі серіктестік туралы өзара тиімді меморандумға қол қойды.
Клуб жетекшілерінің бірі Ян Мун Бон мырза сұхбат барысында айтқандай, Rotary International өзін ұлты мен нәсіліне, діні мен саяси көзқарасына қарамастан барлық елдерге ашық, діни емес және саяси емес клуб ретінде танытып үлгерген.
«Rotary International» ұйымының мәліметтері бойынша дүниежүзінде 1,4 миллионнан астам мүшесі бар 46 мыңнан астам клубтары бар жетекші ұйым. Клуб өзінің негізгі ұранын «Халық мүддесі бәрінен биік» десе, ал екінші ұраны «Ең жақсы қызмет ететіндер көп табыс табады».
Аурухана директоры Ракишева Айман Ғалымжанқызының айтуынша, ол Rotary International клубының қызметін көптен бері бақылап келеді.
«Мен бүгін Оңтүстік Кореядан келген делегациямен кездескеніме қуаныштымын. Біз туралы жылы пікірлерді тыңдадық және бұл біздің ұжым үшін өте маңызды сәт. Қонақтарымыз бөлімшелердің жабдықталуын, ондағы тәртіп пен тазалықты атап өтті. Бұл клубтың әлемдегі алғашқы филиалы Чикагода құрылғанын айта аламын. Клубты 100 жылдан астам бұрын Пол Харрис және оның кәсіпкер, тау-кен инженері және көмір бизнесінің иесі болған үш досы құрған. Харрис сол кезде өзі туып-өскен шағын қаладағы іскер адамдар арасындағы достық пен ынтымақтастық рухын жаңғыртқысы келді», – деді ол.
«Rotary» атауы клуб мүшелерінің кеңселеріндегі жиналыс орындарын ротациялау, дәлірек айтқанда, айналдыру тәжірибесінен шыққан. Пол Харристің идеясы үлкен қала бизнесі әлемінде достық пен ынтымақтастық рухын көтеру болды. Көп ұзамай топқа жаңа Rotary мүшелері қосылып, олар жұмыс орнында кезектесіп кездесе бастады.
Кездесуде қонақтар дүниежүзінде іскерлік және тұлғааралық қарым-қатынаста құнды дүние ретінде қолданылатын өз ережелері туралы айтып берді. Және келесі жылдың басында Оңтүстік Кореялықтар біздің емдеу мекемесіне жаңа туған нәрестелерге арналған жылжымалы инкубатор және жедел жәлдем көлігін жеткізу жобасын қарастыратынын айтып өтті. Жобаны Almaty International Rotary Club және олардың президенті Сон Ен Хо басқаратын Чеджу Нохен Ротари клубының демеушілік клубымен бірге жоспарламақ.