Қорғас – Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықтың орталығы болып келеді. Әсіресе, соңғы он жылдағы даму қарқыны таңғалдырмай қоймайды. Екі ел шекарасындағы шағын қала қазір заманауи сауда-саттық, технологиялық даму және туристік орталыққа айналды. Соның арқасында бір кездері базардағы сауда нүктелерінің орнына алып сауда үйлері бой көтерген. Ал тауар түрі де, келушілер саны да күн санап өсіп келеді. Бұған «Визит Жетісу» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастырған ақпараттық-турында көзіміз жетті.
Ерекше сауда орталықтары мен дәстүрлі жәрмеңкелер, мәдени орталықтар – Қорғастың туристер арасында танымал бағыттың біріне айналуына сеп болып отыр. Сондай бір ғимараттың бірі – Қытай мәдениет үйі, басқаша «Қызыл ғимарат» деп те аталады. Мұнда келушілер ежелгі қытай мәдениетімен жақынырақ таныса алады.
Аспанасты елінің тарихы тереңде жатқандықтан, оның бәрін бір мәдени орталыққа сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан мұнда тарихтағы ең маңызды дүниелер қамтылған. Ғимарат сонымен қатар, тек мұражай ретінде ғана емес, маңызды баспасөз-мәслихаттарын өткізуге де арналған.