Жетісу облысында 8-12 наурыз күндері ауа температурасының күрт көтерілуі және қардың қарқынды еруі нәтижесінде 12 су басу фактілері тіркелді. 9 жергілікті су басу жағдайларынан Алакөл ауданының Қабанбай, Ақтүбек, Бескөл станциясы, Көктұма ауылдары және Кербұлақ ауданы Қайнарлы ауылы бойынша 30 жеке тұрғын үй ауласы су тасқынына ұшырады. Абырой болғанда тұрғын үйлердің ішіне су кірмеген. Сонымен қатар, 2 автожол төсемі үстінен еріген қар суының өтуі тіркелді. Атап айтсақ, Кербұлақ ауданы, Жоламан ауылы мен Жоламан станциясы және Малайсары ауылы мен Малайсары станциясы жергілікті маңызы бар автожолдар. Және Ақсу ауданы, Қопа ауылында су бұру каналындағы су деңгейінің көтерілуі орын алды. Су тасқанына байланысты тәуекелдер мен қабылданатын шаралар туралы облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ринат Тазабеков Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен БАҚ өкілдерімен кездесуде мәлімдеді.
Болған барлық оқиғаларға жедел түрде күштер мен құралдар жұмылдырылып, тиісті шұғыл жұмыстар жүргізілді. Зардап шеккендер мен ғимараттардың қираулары болмады. Су тасқыны жағдайын бақылау үшін облыс бойынша 57 гидропост қойылған.
«Бүгінде Ескелді ауданының Абай және Ешкіөлмес ауылдары бойынша тиісті жұмыстар басталды. Сондай-ақ, Панфилов ауданының Көктал-Арасан ауылы және Текелі қаласы бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде, ал Кербұлақ ауданының Малайсары және Панфилов ауданының Қоңырөлең ауылдары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Қаратал ауданы Үштөбе қаласы және Кербұлақ ауданының Архарлы ауылдары бойынша су тасқынына қарсы жұмыстар демеушілік қаражат есебінен жүргізілуде», — деді спикер.
Осыған орай, Департамент және жергілікті атқарушы органдармен су тасқынына бейім елді-мекендер ерекше бақылауға алынды және азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі, күштер мен құралдар жоғарғы әзірлікке келтірілді.
«Жалпы су тасқыны жағдайының күрделенуі кезеңіне 95 тонна ЖЖМ қоры, 2,6 мың тонна инертті материалдар, 49 мың қап дайындалды. Одан бөлек 1056 жеке құрам, 264 техника бірлігі, 141 мотопомпалар, 165 қорғаныс киімдері және 7 жүзу құралдары бар. Зардап шеккен халықты уақытша орналастыру мақсатында, білім беру және мәдениет үйлері ғимараттарында 175 пункттер бекітілді», — деп қорытындылады Ринат Талғатұлы.