Жетісу облысында жыл басынан жіті респираторлық вирустық инфекцияның 37 361 жағдайы тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев мәлімдеді.
Өңірдегі сырқаттанушылық өткен жылғы эпидемиологиялық кезеңмен салыстырғанда 2,5 есеге өскен, оның 25 818 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында.
Жетісу облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің айтуынша
өңірде тұрғындарды тұмауға қарсы иммундау жұмыстары аяқталған. Бұл мақсатта жергілікті бюджет есебінен 79 918 адамды вакцинациялау жоспарланып, егілген. Яғни, облыс халқының 12% иммундаумен қамтылып отыр.
Брифингте Талдықорған қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Біржан Оспанов та бүгінгі ахуалды баяндап берді.
«Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында 185 бала жатыр. Науқастардың 85%-ы 5 жасқа дейінгі балалар»,- дейді ол.
Жалпы, дәрігерлер тұмаудың алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтауға кеңес береді. Себебі, сырқаттануды емдегеннен көрі алдын-алу анағұрлым жеңілрек.