Облыста бұл дертке қатысты тұрақсыз жағдайға қарамастан, екпеден бас тартушылардың саны жыл санап артып келеді. 2020 жылы 285 тұрғын ауруға қарсы екпе салдырмаса, биыл 10 айда бұл көрсеткіш 496-ға жеткен.
Жетісу өңірінде жыл басынан бері қызылшамен ауырған 282 жағдай расталды. Арасындағы 239 адам екпе алмаған. Статистика бойынша бұндай сырқатпен ауырған науқастардың көбі 4 жасқа дейінгі балалар. Осыған орай Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңына Жетісу облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова мен Жетісу облысының штаттан тыс эпидемиологы Рандир Сахариев келді. Спикерлер екпенің маңыздылығына тоқталды.
«Халықтың екпеден бас тартуының басты себебі – интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерден алынған ақпаратқа негізделген жеке сенімдері. Өздеріңіз білетіндей, мұндай материалдар мүлдем расталмаған. Адамдар бұл деректерге көзсіз сеніп нәтижесінде вакцина алудан үзілді-кесілді бас тартады. Сондықтан қызылша ауруына шалдыққандар саны артып келеді», – дейді Жетісу облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.
Спикерлер кез келген аурудың ең жақсы емі алдын алу екенін айтып, облыс тұрғындарын екпе алуға шақырды.