Жаңалық

Алматы облысында мемлекеттік қызметшілер құрметке бөленді

Алматы облысында Мемлекеттік қызметшілер күніне орай өңірдің түкпір-түрпірінде ауқымды шаралар өтті. Сала мамандарының елдің өркендеуіне қосқан елеулі үлесіне лайықты баға берілді. Негізгі шара Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев саябағында ұйымдастырылды. Онда халықтың әл-ауқатын жақсартуға, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыруға атсалысып жүрген үздік қызметкерлер марапатталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Бұл сала ел тұрақтылығы мен дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін айтып, қоғам өміріндегі айрықша маңызына тоқталды. Сондай-ақ мемлекетіміздің басқару мәдениеті бүгінгі тәуелсіз еліміз тікелей мирасқоры болып саналатын Алтын Орданың мемлекеттік жүйесі және әкімшілік құрылымымен сабақтасып жатқанын жеткізді.

«Мемлекеттік қызметшінің ең үлкен марапаты – жоғары шен немесе лауазым емес, ол – халықтың алғысы мен шынайы сенімі. Әрбір қабылдаған шешімдеріңіздің, әрбір жазған ресми хаттарыңыздың артында қарапайым адамдардың тағдыры, мемлекетіміздің беделі тұрғанын ешқашан ұмытпаңыздар. Сіздердің адалдықтарыңыз бен кәсібиліктеріңіз – қуатты Қазақстанның іргетасы. Ел игілігі жолындағы қажырлы да жауапты қызметтеріңіз үшін баршаңызға айрықша алғысымды білдіремін», – деді Марат Елеусізұлы.

Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде облыста мемлекеттік қызмет саласында 4 мыңнан астам азамат еңбек етеді. Олардың 2,5 мыңға жуығы жергілікті атқарушы органдарда тұрғындармен тікелей жұмыс жүргізуде. Қызметкерлердің 52 пайызы әйелдер болса, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 40 пайызды құрайды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте түрлі этнос өкілдері бірлесе еңбек етіп, қоғамдық келісім мен бірліктің үлгісін көрсетуде.

Мамандардың кәсіби деңгейі де жыл сайын артып келеді. Облыстың мемлекеттік қызмет жүйесінде магистратура мен докторантура тәмамдаған 182 маман, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 11 түлегі және халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен білім алған 7 түлек қызмет етуде.

Өңірде мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау шаралары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Алатау жастары» бағдарламасы аясында жеңілдетілген ипотека беру, басқа өңірлерден келген мамандарға тұрғын үй төлемдерін қарастыру секілді бастамалар қолға алынған.

Салтанатты рәсімде жауапкершілік пен кәсібиліктің үлгісін көрсеткен жандар «Үздік мемлекеттік қызметші», «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерімен, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Солардың бірі – 20 жылдан астам уақыт осы салада қызмет еткен, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Гүлнар Жорабаева.

«Алматы облысы екіге бөлінгеннен кейін Қонаевқа алғашқылардың бірі болып келіп, қызметімізге кірістік. Содан бері өңірдің қайта аяққа тұрып, дамуына үлесімізді қосып келеміз. Бүгінгі марапат менің еңбегіме берілген лайықты баға деп есептеймін. Біз, мемлекеттік қызметшілер, халыққа барынша қолайлы жағдай жасауға атсалысып, Президент саясатын жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді арнаудамыз. Осы орайда барлық әріптестерімді кәсіби мерекемізбен құттықтаймын. Бүгінгі төсбелгіні иеленгеніме өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің орны бөлек. Меніңше, әрбір мемлекеттік қызметші осындай марапатқа ие болуды армандайды. Бұл адамды жігерлендіріп, кәсіби тұрғыда өсуіне ынталандырады. Еңбегімді бағалап, сенім білдірген басшылыққа ризашылығымды білдіремін. Бүгінде облыстың күн санап көркейіп келе жатқанына баршамыз куә болып отырмыз. Соңғы жылдары өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыстың өркендеу жолында өнімді еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын», – деді марапат иесі.

Мерекелік жиында өнерпаздар театрландырылған қойылым көрсетіп, айтулы күннің мән-мазмұнын терең ұғындыра түсті. Мемлекеттік қызметшілердің мерейін асырған шара сахна жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Related Posts

Жаңалық

Көкжөтел

Көкжөтел - бұл балалар мен ересектерде кездесетін, Bordetella pertussis бактериялармен шақырылатын қауіпті жұқпалы ауру. Инфекцияның таралу жолы - ауа тамшылы. Қоздырғыш түшкіру және жөтелу кезінде көп бөлінеді. Инфекция көзі көкжөтелмен
Жаңалық

«Құқықтық көмек»: Алматы облысы тұрғындарына тұрғындарына арналған тегін заң кеңестері

«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасын белсенді іске асыру Алматы облысында жалғасуда. Кез келген адам өтеусіз негізде заң мамандарынан кеңес ала алады. Аталған жоба қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру бойынша жүйелі жұмысты
Жаңалық

«Таза Қазақстан»:  бір айдың ішінде Алматы облысы қалай түрленді?

  Мыңдаған тонна қоқыс, жүздеген гектар тазартылған жер мен онмыңдаған жаңа отырғызылған ағаштар -  облыста кең ауқымда өткен «Таза Қазақстан» акциясының нәтижесі осындай. Барлық абаттандыру салаларын қамтыған акция барысында 19
Жаңалық

Шеңгелдіде мал жаятын жер жоқ – ауыл тұрғындары

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Қонаев қаласындағы кездесуінде тұрғындар Шеңгелдіде жайылым жердің тапшылығына шағымданды. Айтуларынша, бұл мәселе көптен бері өз шешімін таппай келеді. Ал ауылдың жан-жағы түгел суармалы алқаптар, ауыл