Іле ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында анықталған 23 рұқсат етілмеген қоқыс орны толық жойылды. Жыл басынан бері ұйымдастырылған тазалық шараларына 64 мыңнан астам тұрғын қатысқан, деп хабарлайды Halyq Media.
Осы уақыт аралығында ауданда 26 сенбілік ұйымдастырылып, 1 710 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Сонымен қатар елді мекендерді көгалдандыру аясында 25 773 ағаш отырғызылды.
Кезекті жалпыаудандық «Таза бейсенбіге» де 5 мыңға жуық адам қатысты. Бұл жолы жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер мен білім беру нысандарының айналасына басымдық берілді. Мектеп аулалары мен іргелес аумақтар тазартылып, абаттандырылды.
\
Шараға аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов, тұрғындар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен еріктілер жұмылдырылды.
«Тазалық – тек сенбілік кезінде атқарылатын жұмыс емес, ол күнделікті тәртіп пен жауапкершіліктің көрінісі. «Заң мен тәртіп» қағидаты әр азаматтың қоғамдық ортаға ұқыпты қарауынан, белгіленбеген жерге қоқыс тастамауынан және ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарауынан басталады. Әсіресе балаларымыз білім алатын мектептердің айналасы таза әрі қауіпсіз болуы тиіс. Ауданымызды таза ұстау – баршамызға ортақ міндет», – деді Қайыржан Жақсымбетов.
Іле ауданында тазалық пен абаттандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалғасады.




