Қоғам

Түнде амбулатория жұмыс істемейді: Балқаш ауданында дәрігер тапшы

Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен келген мәжілісмендердің Балқаш ауданы халқымен кездесуінде мәлім болды.

Ақдала ауылында бүгінде бір ауысымда 30 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Былтыр басталған медициналық мекеменің құрылысы биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Мердігер компания өкілінің айтуынша, ФАП-ты заманауи жабдықтармен жабдықталмақ. Бірнеше мамандандырылған көмек кабинеттері болады. Десе де ауданда дәрігер тапшы. Себебі жас мамандардың мұнда келуі қиын.

Дәл осындай мәселе Бақбақты ауылында да өзекті. Тұрғындар жергілікті амбулатория түнде жұмысын тоқтатқанын айтып шағымданды. Себебі, дәрігерлер мамандардың жетіспеушілігіне байланысты аудандық ауруханада кезекшілік етіп, артық жүктемемен жұмыс істейді. Осы орайда депутат Мақсат Толықбай өз ұсынысын білдірді.

«Ауылда жұмыс істейтін жас дәрігерлерге 10 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беру – біздің уәделеріміздің бірі. Бұл AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында жазылған. Бастама барлық өңірде қолдау тапты. Бұл медицина мамандарының тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Осы уәдені тезірек іске асыруы үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Бұл шаралар ауылға маман шақыртуға түрткі болмақ», – дейді депутат.

Айта кету керек, қазіргі уақытта еліміздегі ауылдарға 1 мыңнан аса дәрігер жетіспейді.