Жаңалық

Марат Сұлтанғазиев сел жүрген аумақтарды аралады

Алматы облысында бірнеше күн қатарынан жауған нөсер жауын салдарынан өңірдің бірқатар ауданында өзендер арнасынан асты

Табиғи апат салдарын жою үшін тіпті аудандық деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған. Су деңгейі ең көп көтерілген өзендер қатарында Түрген, Ақсай, Ұзынқарғалы және Талғар өзендері бар. Осыған орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сел жүрген аумақтарды аралап, апат салдарын жою жұмыстарын тексерді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы алдымен Қарасай ауданындағы жағдаймен танысты. Мұнда Ақсай өзеніндегі су деңгейі күрт көтеріліп, «Toimart» сауда үйінің іргелес аумағы мен жертөлесін су басқан. Адам шығыны мен зардап шеккендер болған жоқ.

Төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарына барлығы 127 адам мен 7 арнайы техника тартылды. Оған Төтенше жағдайлар департаменті мен әскери бөлім қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың мамандары қатысты. Жедел жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде дүкеннің жертөлесіндегі су толық шығарылып, өзен арнасы лай мен қоқыстан тазартылды. Соның нәтижесінде су ағыны қалыпқа келтіріліп, кедергісіз ағуда.

Бұдан бөлек Қарасай ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» ЖШС аумағында өзен жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақ сырғыды. Қазіргі таңда су тасқыны қаупін төмендету мақсатында ауқымды инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өзен арнасының 280 метрі 4 метрге тереңдетіліп, ал ені 5 метрге дейін кеңейтілген. Жалпы көлемі 5600 текше метр топырақ шығарылып, арнайы техниканың қауіпсіз жұмыс істеуі үшін ұзындығы 320 метр технологиялық жол салынған. Авариялық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына 90 адам мен 29 арнайы техника жұмылдырылды.

Өңірдегі Түрген өзенінің аумағында да дәл осындай жағдай тіркелген. Еңбекшіқазақ ауданындағы «Түрген – Асы» автомобиль жолының 24 және 26-шақырымдарында тас көшкіні жүріп, өзеннің арнасынан шығуына байланысты жол жабылды. Өзен бойында орналасқан, демалыс аймақтарына тиесілі 17 киіз үйді су басты. Сонымен қатар өзен үстінен салынған уақытша көпірлердің бір бөлігі зақымданды. Осыған байланысты 1 шілдеден бастап Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті, облыстық және аудандық әкімдіктер бірлесіп жедел штаб құрып, күшейтілген режимде жұмыс жүргізді. Күн сайын 20-дан астам арнайы техника мен 60-тан астам қызметкер жұмыс істеп, өзен суы қайта өз арнасына бағытталды. Төрт күн ішінде туристер мен Асы жайлауындағы малшыларды қоса алғанда 100-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Таулы аумақтарға адамдардың баруына уақытша шектеу қойылып, полиция бекеттері мен кезекшілік ұйымдастырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде елді мекендерді су басуына жол берілген жоқ.

Қазіргі уақытта «Түрген – Асы» автомобиль жолының бүлінген учаскелерінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жол ағаш, бұталардан және тастардан тазартылып, жол төсемін қалпына келтіруге дайындық жұмыстары атқарылуда.

Облыс әкімі жауапты мекемелерге төтенше жағдай салдарын жою жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

«Су өткізу жүйелерін тұрақты бақылауда ұстап, өзен арналарының өткізу қабілетін арттыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Қауіп толық сейілгенге дейін барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуі тиіс. Техникалық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, су деңгейін төмендетудің барлық тиімді жолдарын қарастыру қажет. Ең бастысы – мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды», – деді Марат Сұлтанғазиев.

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, облыстың таулы аумақтарында жауын-шашынның жалғасуына байланысты қауіп толық сейілген жоқ. Осыған байланысты өңірдегі жағдай толық бақылауда болады. Төтенше жағдай салдарын жою, өзен арналарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қауіп толығымен жойылғанша қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады.

Аймақ басшысы сондай-ақ Талғар ауданы Белбұлақ ауылындағы өрт шыққан көппәтерлі тұрғын үйге барып, тұрғындарымен кездесті.

Оқиға 27 маусым күні Жібек жолы көшесі 18-үй мекенжайында болған. Өрт 8 пәтерлі тұрғын үйдің шатырында тұтанған. Осыған орай үш жауынгерлік учаске құрылып, тілсіз жау ауыздықталды. Ол үшін Төтенше жағдайлар департаментінің 19 қызметкері мен 3 бірлік техникасы жұмылдырылды. Өрттің жалпы аумағы 500 шаршы метрді құрады. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Марат Елеусізұлы қазіргі басты міндет мәселені заң аясында әрі жедел шешу екенін айтты.

«Нысанға мемлекеттік сараптама жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы толық анықталғаннан кейін тиісті шешімдер қабылданады: пәтерлер қайтадан қалпына келтіріледі не тұрғындар басқа үйлерге көшіріледі», – деген Марат Елеусізұлы барлық жауапты мемлекеттік органдарға түйткілді тездетіп шешуді тапсырды.

Қазіргі таңда тұрғындармен тұрақты байланыс орнатылып, қажетті материалдық көмек уақытылы көрсетілуде. Төтенше жағдайға байланысты барлық тиісті іс-шаралар ұйымдастырылып, оқиға салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Related Posts

Жаңалық

Санэпидқызметке 1034 өтініш: Алматы облысының тұрғындары неге шағымдануда?

  Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі 9 айындағы жұмыс қорытындылары туралы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Марат Исмаилов баяндады. Оның айтуынша, басты мақсат – өңір тұрғындарының санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жыл басынан
Жаңалық

Қонаев тұрғындары жаппай сенбілікке қатысты

Алматы облысының орталығында «Таза Қазақстан» бағдарламасы жалғасуда. Бұған дейін 4 және 5-шағынауданның тұрғындары сенбілікке шықса, осы жолы 3-ықшамауданның жұрты жаппай сенбілікке қатысты. Олардың қатарында еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін болды.
Жаңалық

Алматы облысында “Есірткіге жол жоқ” айлығы бастау алды

Айлық ішінде барлық құзіретті органдар бірлесе облыс бойынша есірткіні қолдануға шақыратын жазбаларды өшіру, жарнамаларын жою, өскелең жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру жұмыстарын жүргізетін болады. Алғашқысы бүгін Қонаев қаласында өткізілді.
Жаңалық

Алматы облысында мемлекеттік қызметшілер құрметке бөленді

Алматы облысында Мемлекеттік қызметшілер күніне орай өңірдің түкпір-түрпірінде ауқымды шаралар өтті. Сала мамандарының елдің өркендеуіне қосқан елеулі үлесіне лайықты баға берілді. Негізгі шара Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев саябағында ұйымдастырылды. Онда