Без рубрики

Іле ауданында жеті балалы отбасы сайлау учаскесіне ұлттық киіммен келді

Гаиповтар отбасының тоғыз мүшесі №385 сайлау учаскесіне бірге барып, көпшіліктің назарын аударды.

Бүгін, 23 тамызда, Іле ауданының Нұрғиса Тілендиев ауылында тұратын ұстаз Ықылас Гаипов жұбайы және жеті баласымен бірге Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысты.

Отбасының тоғыз мүшесі №385 сайлау учаскесіне ұлттық нақыштағы киіммен келді. Жеті бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты мұны өскелең ұрпаққа азаматтық жауапкершілікті іс жүзінде көрсетудің бір жолы деп есептейді.

«Бала айтқаннан гөрі көргенін есте сақтайды»

«Жеті баламызды да бүгін әдейі өзімізбен бірге алып келдік. Себебі бала айтқан сөзден гөрі көргенін көбірек есте сақтайды. Ертең олар да ержетеді, ел азаматы болады. Сол кезде өз таңдауын жасау, қоғамдағы маңызды сәттерге бейжай қарамау қалыпты нәрсе екенін кішкентайынан көріп өссе дейміз. Ал ұлттық киім — біздің болмысымыз. Балаларымыз дәстүрін біліп, ұлттық құндылықтарды құрметтеп өскенін қалаймыз», – деді Ықылас Гаипов.

Балалардың үлкендері учаскедегі дауыс беру барысын қызығушылықпен бақыласа, кішкентайлары үшін бұл күн отбасымен бірге өткізген ерекше сәттердің біріне айналды.

Related Posts