Әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген Балауса Мұздиманды бұл жолы жерлестері бокс қолғабымен емес, сайлау учаскесінде кездестірді. 23 тамызда спортшы Іле ауданына қарасты Күрті ауылындағы №417 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді.
Чемпионды жерлестері жылы қарсы алды
Балауса Мұздиманды таныған ауыл тұрғындары онымен тілдесіп, естелік суретке түсті. Әлемдік додада Қазақстанның көк туын желбіретіп жүрген спортшының туған жерінде азаматтық таңдауын жасауы жерлестері үшін де ерекше сәт болды.
– Спортта әр жекпе-жекке үлкен жауапкершілікпен дайындаламыз. Бүгін де мен үшін маңызды күн. Туған жерімде жерлестеріммен кездесіп, олардың жылы ықыласын сезіну ерекше әсер сыйлады. Осындай сәттер туған жеріңмен байланысыңның қаншалықты қымбат екенін тағы бір сезіндіреді, – деді Балауса Мұздиман.
Балаусаның спорттағы жолы 2011 жылы басталды. Бір жылдан кейін Қазақстан чемпионатында топ жарған ол кейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және жастар арасындағы әлем чемпионы атанды.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері 2023 жылы кәсіпқой боксқа ауысты. Ал 2024 жылы Таиландта өткен жекпе-жекте WBA Asia белбеуін жеңіп алды.




