Перейти к содержимому
Суббота, 21 ноября +3° Алматы Воздух 80

Алматы облысында «SAQTAN» семинарларына 1 500-ге жуық оқушы мен студент қатысты

Психологтар қосымша қолдауды қажет еткен 30-ға жуық баламен жеке жұмыс істеді

Читать 2 мин 5
WhatsAppTelegramX

Алматы облысында «SAQTAN» әлеуметтік жобасы аясында мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған 16 семинар өтті. Кездесулер нашақорлықтың, құмар ойындарға тәуелділіктің және суицидтің алдын алуға арналды. Психологтар қосымша қолдауды қажет еткен 30-ға жуық баламен жеке жұмыс істеді.

Облыстық полиция департаментінің 2026 жылғы қазан айының қорытындысы бойынша ұсынған дерегіне сүйенсек, өңірде кәмелетке толмағандарға қатысты 341 қылмыс тіркелген.

Семинарларда департаменттің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткінің денсаулық пен психикаға зиянын, сондай-ақ есірткіні заңсыз сақтау мен таратқаны үшін қандай жауапкершілік көзделгенін түсіндірді. Жасөспірімдер полицейлермен бірге күмәнді ұсынысты қалай тануға болатынын және құрдастары қысым көрсеткен жағдайда одан қалай бас тарту керегін талқылады.

Ойынға тәуелділік мәселелері жөніндегі кеңесші Алмат Саргызов интернеттегі құмар ойындарға әуестік қалай тәуелділікке айналатынын, оның жасөспірімнің оқуына, қаржылық жағдайына және жақындарымен қарым-қатынасына қалай әсер ететінін түсіндірді. Кеңесші тәуелділіктің алғашқы белгілеріне тоқталып, өзін-өзі бақылау және дер кезінде көмекке жүгіну туралы айтты.

Психолог Мөлдір Әнуарқызы жасөспірімдермен күйзелісті еңсеру, эмоцияны басқару және өзіне деген сенімді нығайту туралы сөйлесті. Ол қиын кезде ата-анадан, мұғалімнен немесе психологтан көмек сұраудың маңызын атап өтті. Қосымша қолдауды қажет еткен балаларға қандай көмек керек екенін анықтау үшін мамандар сауалнама жүргізіп, әр баламен жеке әңгімелесті.

«Әсіресе психологиялық қолдауды қажет ететін балалармен жеке жұмыс жүргізуге мән бердік. Өйткені кейде баламен дер кезінде сөйлесіп, оның мәселесін тыңдаудың өзі үлкен қауіптің алдын алуы мүмкін», – дейді «SAQTAN» әлеуметтік жобасының жетекшісі Әділет Айтқазы.

Кездесулерде оқушылар мен студенттер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ақпараттық материалдар алды. Ұйымдастырушылар алдағы семинарлардың тақырыптарын нақтылау үшін қатысушылардың зиянды әдеттерге көзқарасын да сауалнама арқылы зерделеді.

«SAQTAN» жобасын 2025 жылдан бері «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» жастар қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып келеді. Бірлестік вейпингтің алдын алуға арналған семинарлар мен ақпараттық кездесулер өткізіп, түнгі профилактикалық рейдтер, спорттық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырады. Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты есебінен іске асады. Бастамаға Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы қолдау көрсетеді.

Как вам эта новость?

Поделиться
WhatsAppTelegramX

Нашли ошибку? Выделите текст и нажмите Ctrl+Enter.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *