Жаңалық

Алматы облысында жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды

Алматы облысының Талғар ауданында №15 өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Нұра ауылында бой көтерген жаңа нысан жақын маңдағы 10 мыңнан астам халыққа қызмет етеді. Өрт сөндіру бөлімі – автоцистерна, автосаты және жедел-құтқару автокөлігі сияқты арнайы техникалармен жабдықталған – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты рәсімге ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, құтқарушылар мен аудан тұрғындары қатысты.

Шыңғыс Сайранұлы өз сөзінде өрт сөндіру бөлімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында салынғанын айтып, оны жүзеге асырған облыс әкімдігіне ризашылығын білдірді.

«Нұра ауылында бұрын өрт сөндіру бөлімі болмаған. Төтенше жағдай кезінде тұрғындар Талғар мен Іле ауданындағы өрт сөндіру қызметіне жүгінетін. Бүгінде Алматы облысында мұндай жаңа нысандардың жиі ашылып жатқанының куәсі болып жүрміз. Бұл – қарқынды жұмыстың нақты нәтижесі. Мемлекет басшысының қолдауымен еліміздің әр аймағында, оның ішінде Алматы облысында да жаңа бөлімдер бой көтеріп, жаңа техникалар, өрт сөндірушілерге арналған киімдер сатып алынып жатыр. Алдағы уақытта мұның бәрі халық игіліне қызмет ететін болады», – деді генерал лейтенант.

Марат Елеусізұлы да тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құтттықтап, Нұра ауылында атқарылған айтулы шаралар туралы баяндады.

«Соңғы уақытта Нұра ауылы жақсы өзгерістердің жаршысы болып жүр. Жақында ғана жаңа көпір мен медициналық нысан пайдалануға берілді. Алдағы қыркүйек айында жаңа мектеп есігін айқара ашады. Енді тек газ мәселесі өзекті болып тұр. Бұл да жақын арада шешімін табады. Ал қолданысқа берілген бұл өрт сөндіру бөлімі төтенше жағдай кезінде Нұра ауылы мен оның айналасындағы 4 елдімекен тұрғындарына жедел көмек көрсетеді. Құтқарушыларға жағдай жасау – ел Президентінің тікелей тапсырмасы. Сондықтан қызметкерлердің жай-күйі мен халықтық қауіпсіздігі әрқашан біздің бақылауымызда», – деген аймақ басшысы төтеншеліктердің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Өрт сөндіру бөлімінің лентасы қиылғаннан кейін қонақтар нысанды аралап көрді. Замануи депо жаңа технологиялармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда диспетчерлік пункт, оқу сыныптары мен спорт аймағы қарастырылған. Қызметкерлердің демалыс, киім ауыстыру және дайындық бөлмелері бар. Олардың жұмыс істеуі мен кәсіби даярлығына барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда 20-ға жуық қызметкер еңбек етеді.

Нұра маңындағы Дулат ауылының тұрғыны Жанар Иманқұлова осы салтанатты рәсімге арнайы келгенін айтты.

«Өрт сөндіру бөлімінің ашылуын асыға күттік. Себебі өрт тұтанған кезде құтқарушыларды ұзақ күтіп қалатынбыз. Халықтың талап-тілегін ескеріп, осындай жаңа нысан салып берген жандарға алғысым шексіз. Алдағы уақытта халыққа мінсіз қызмет етеді деп сенеміз», – деді тұрғын.

Related Posts

Жаңалық

Медицина саласындағы палуан

Мақсатжан Нурайсанов Алматы облысы Іле аудандық орталық ауруханасында 10 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Мамандығы - зертханашы. Алматы қаласының 5 дүркін, Қазақстанның 3 дүркін чемпионы жақында Алматы қаласында грэпплинг спорты
Жаңалық

Алматыда балаларға арналған «Кітап әлемі» экскурсиясы өтті

26 наурыз күні Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының тапсырысымен«BookVibe» жобасының аясында «Жаухар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 30-дан астам арнайы мамандандырылған «Жанұя» кешенінің тәрбиеленушілеріне, Алматы қаласы мәслихатының депутаты
Жаңалық

Бак эндокардит: 6 ай бойы өздігінен емделген науқастың жүрегінде ақау анықталған

Жамбыл ауданының дәрігерлері 6 ай бойы емін таппаған науқастың жүрек ақауы бар деген күдігі расталып, ауруын дәл анықтаған. 31 жастағы аудан тұрғыны ауруы асқынған шағында жергілікті Жамбыл аудандық ауруханасына жүгінген.
Жаңалық

Жетісу облысында қызылша бойынша жағдай тұрақталып келеді

Бүгінде Жетісу облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайда тұрақтылық тенденциясы байқалады. Өңірде алғашқы нақтамамен 984 жағдай тіркеліп, оның ішінде 707 зертханалық расталған. Сонымен қатар, өңірде 46 275  адам қызылшаға қарсы қосымша